Ақтөбе облысының бас полицейі жаппай тәртіпсіздіктердің хронологиясын айтты
2022 жылғы 19 қаңтар 20:31

Ақтөбе облысының бас полицейі жаппай тәртіпсіздіктердің хронологиясын айтты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық Полиция департаменті қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік туралы жан-жақты ақпарат берді. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, терроризм актісіне қатысқан бір адамның көзі жойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына жиналған жұрт алдымен бейбіт түрде талабын қойып, оның орындалуын күтті. Тек облыс орталығында емес, аудандарда да дәл осындай жағдай болды.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейбіт митингіні кейін радикалдар өз мақсатына пайдаланды.

«Наразылық білдірушілер автожолдарды, оның ішінде халықаралық маңызы бар трассаларды, теміржолдарды жауып тастады. Салдарынан әуе және теміржол тасымалы тоқтатылды. Демонстранттар, олардың арасында алкоголь әсерінде болған адамдар билік пен құқық қорғау органдарының өкілдеріне қарсылық білдіріп, агрессивті түрде сөйледі. Тас, азық-түлік, алкоголь және басқа заттарды тасымалдау ұйымдастырылды. Киіз үй тігілді, от жақты. Конституцияға қарсы ұрандар айтылды. Шеруге қатысушылардың әрекеттері айқын және үйлесімді болды.

5 қаңтарда митингіге шыққан 4-5 мыңға жуық адам полицияға қарсылық көрсетіп, арматура, тұтандырғыш қоспаларды, «Молотов коктейлін» пайдаланды. Тас лақтырып, бірнеше қорғаныс сызығынан өтті. Сөйтіп облыс әкімдігі ғимаратына басып кірді. Полиция қызметкерлерін көлікпен қағып кетті», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Салдарынан 25 полиция қызметкері мен 3 әскери қызметші түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Сонымен бірге 7 қызметтік көлік, 300-ден астам арнайы жеке қорғаныс құралы бүлінді. Жедел жәрдім көлігі тоналды. Өрт сөндіру көлігін тартып алмақ болды әрі қызметкерлерді ұрып-соқты. Әкімшілік ғимаратқа кірген күдіктілер мамандандырылған күзет қызметкерінің табельдік қаруын иемденді.

«6 қаңтарда наразылық білдірушілер облыс әкімдігі алдындағы алаңда қалып, облыс халқын үйрелендіріп отырды.

Құқық тәртібін қалпына келтіру мақсатында 7 қаңтарға қараған түні арнайы, құқық қорғау органдары мен әскери қызметшілер алаңды тазарту және облыс әкімдігі ғимаратын күдіктілерден босату бойынша операция жүргізді.

Операция барысында қарсылық көрсетілді. Қақтығыс барысында террористік актіге қатысушылардың бірінің көзі жойылды.

Терроризм актілерін, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру, билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсету, мемлекеттік ғимараттарға шабуыл жасау және оларды басып алу дерегі бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда жалпы саны 1,5 мыңға жуық адам ұсталып, полиция органдарына жеткізілді. Олардың ішінде аса ауыр қылмыс жасады деген күдік бойынша 15 адамга қатысты сот «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ал 417 азамат әкімшілік қамауға алынды, қалғандарына қатысты тексеру және жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр», - деді Ерболат Сарқұлов.


Jańalyqtar

MURAǴAT