Ақтөбе облысының әкімі әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мектеп, спорт кешені мен қаладағы аулаларды абаттандыру жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста барлығы 38 білім мен тәрбие беру ордасын жөндеуге 4,6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ақтөбе қаласында тоғыз мектеп жаңартылып жатса, оның ішінде елдегі үздік жүз мектептің қатарына енген № 11 мектеп-гимназия да бар. Оның қасбеті жаңартылып, есік-терезелері ауыстырылды, спорт залы жөнделді. Облыс әкімі білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханға өңірдегі барлық мектептің жөндеу жұмыстарын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

«Облыста балалар заманауи талаптарға сай келетін ғимараттарда, кабинеттерде оқуы үшін мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса жаңа мектептердің құрылысын бақылауда ұстау керек. Биыл Есет батыр тұрғын үй алабындағы мектеп пайдалануға беріліп, Батыс-2 шағын ауданындағы мектептің құрылысы басталады»,- деп еске салды Оңдасын Оразалин.


Айта кетейік, үш жылдың ішінде облыста жүзден аса мектеп, балабақша мен қосымша білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жасау жоспарланып отыр.

Облыс орталығында көшедегі жол желісі мен көпқабатты үйлердің аулаларын жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімі 2,3 шақырым болатын «Болашақ» тұрғын үй алабындағы жолдың орташа жөндеу, сонымен қатар, Есет батыр көшесіндегі 93 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарының барысын қарап шықты. Мердігер мекеме басшысы Сүлеймен Ахметбеков жол жөндеу жұмыстары қыркүйек айының ортасында аяқталатынына сендірді, аулалардың жөндеу жұмыстары да жоспар бойынша жүріп жатыр.

Бұдан бөлек облыс әкімі №8 облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жөндеу жұмысымен танысты. Футбол ойнайтын шағын аумақты ауыстыру, қасбетін ​қаптау, кіреберіс жолдарды жөндеу, жүгіретін жолдарды жаңарту және т.б. қарастырылған.

«Біз балалар мен жасөспірімдердің спортпен алаңсыз шұғылдануы үшін бірқатар спорт нысандарын салып жатырмыз. Яғни, кез келген адам үйінен шығып, жаяу баратын мүмкіндік жасаймыз. Ал №8 облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі қайта жаңғыртылса, оны футбол федерациясының талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік бар. Осылайша Қобыланды батыр стадионын қайта жөндеу кезінде «Ақтөбе» футбол клубы өз алаңындағы матчтарын осында өткізе алады. Стадионға 50 жыл болды, оның әбден тозығы жеткен. Қалпына келтіруге кем дегенде бір жыл керек», - деді облыс әкімі.

Кейін Оңдасын Оразалин «Келешек» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Нысан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекет қолдауымен жеке инвестиция есебінен салынған. Оның ерекшелігі – еденінде. Яғни бұл ұлттық баскетбол қауымдастығының стандарттарына сәйкес келетін жарақат алудан сақтайтын материал. Осындай жабындысы бар зал елімізде үшеу ғана, олардың біреуі Ақтөбеде, екеуі Алматыда.


Соңғы жаңалықтар