Ақтөбе облысында үйде газ баллоны жарылып, ер адам мен әйел ауруханаға жеткізілді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Петропавл ауылында үй ішінде газ баллоны жарылды. Екі адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Петропавл ауылы Гагарин көшесіндегі жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылды. Хабар 112 құтқару қызметіне түсті. Оқиға орнына 2 құтқарушы мен техника жіберілген.

«Оқиға орнына құтқарушылар барған кезде жеке тұрғын үйде 5 литрлік газ баллонының, газ-ауа қоспасының жарылғаны анықталды. Үйдің қабырғалары бүлініп, өрт шыққан. Құтқарушылар жеткенше көршілері өртті сөндіріп үлгерген. Газ баллонының жарылу себебі белгілі. Салқын жерден жылы орынға кіргізген кезде газ қоспасының қысымы күшейген», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жарылыс салдарынан 71 жастағы ер кісі мен 95 жастағы қария облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

Газ баллонды пайдаланудың өз ережесі бар. Газ баллонын арнайы орындарда ғана толтыру керек. Сонымен бірге суық жерден жылы ғимарат ішіне кіргізген кезде жылу көздеріне жақын қоймаған дұрыс. Үйде газдың иісі шықса газ беру кранын жабу, бөлме ішін желдету керек.

Еске салсақ, таяуда Ақтөбенің Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында газ жарылды. Оқиға орнына 2 техника мен ТЖД екі қызметшісі барды. Жарылыс салдарынан төрт адам зардап шекті, олар облыстық көпбейінді аурухананың травматология бөліміне жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар