Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысының 10 мыңнан астам учаскесіне инженерлік  желілер жүргізіледі
2022 жылғы 25 қаңтар 11:04

Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысының 10 мыңнан астам учаскесіне инженерлік  желілер жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысының 10 мыңнан астам учаскесіне инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ақтөбе облысын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын талқылау кезінде өңір әкімі Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы өзектендірілді, тиісті мемлекеттік органдармен келісілді. Кешенді жоспар жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңге болатын алты бағыт бойынша 98 тармақты іске асыруды көздейді. Кешенді жоспардың жаңа жобасына халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салу, денсаулық сақту нысандарының құрылысы және білім беру нысандарын жаңғырту сияқты әлеуметтік жобалар қосылды», - деді Оңдасын Оразалин.

Оның айтуынша, жаңа жұмыс орындарын құру мен инвестициялар тарту мақсатында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту бөлігінде жел электр станциясын және титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу, сондай-ақ өңдеу саласына баса назар аудара отырып, басқа да маңызды жобаларды жүзеге асыру қарастырылған.

«Бұдан басқа, шетелдік инвесторларды тарта отырып, өңір аумағында ерекше индустриялық аймақ құру жоспарланған. Оның аумағындағы кәсіпорындардың 70 пайызы экспортқа бағытталатын болады. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен саласында да бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, құс фабрикасының құрылысы, 2 мың бас ірі қара малға арналған екі бордақылау алаңы, 800 бас ірі қара малға арналған екі сүт-тауар фермасы және басқа да жобалар қамтылған. Нәтижесінде, кешенді жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін шамамен 1,2 трлн теңгеге инвестициялық жобалар іске асырылатын болады», - деді облыс әкімі.

Оның сөзіне қарағанда, Үкіметтің қолдау көрсетуі бағытында өңірде көптеген жобаларды іске қосу жоспарланған. Соның ішінде 2025 жылға дейін кешенді жоспарға сәйкес республикалық бюджеттен шамамен 340 млрд теңге көзделген. Автожол құрылысын жүргізу, 85 ауылды газдандыру, 33 ауылды сумен қамтамасыз ету ескерілген. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының 10 мыңнан астам учаскесіне инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізу жобалары жоспарланған.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 220-дан астам мектепті жаңғыртылып, колледж студенттері үшін екі жатақхана салу қамтылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарлары таныстырылды.

Жалпы, кешенді жоспарларды іске асыру батыс өңірлер экономикасының өсу қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, жеке инвестициялар ағынына серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. 2025 жылға қарай төрт өңір бойынша шамамен 13 трлн теңге жеке инвестиция тарту, 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделген.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT