Ақтөбе облысында тұмауға қарсы 100 мыңға жуық вакцина сатып алынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында тұмауға қарсы вакцинаны сатып алуға 68 миллион теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында 2019 жылдың 1 қазанынан бүгінгі күнге дейін 221 адам тұмауға шалдыққан. Оның 46-ы жүкті әйел, 39-ы мектеп оқушысы. Бес сәби де ем қабылдады. Ал жедел респираторлы вирустық инфекцияға 7 мыңнан астам адам шалдықты. Аурушаңдық бойынша тұмау және ЖРВИ белгісінде де өсім бар.

Биыл тұмауға қарсы вакцинаны сатып алуға 68 миллион теңге жұмсалып, 98 436 дозасы сатып алынды.

«Ақтөбе облысына қажетті вакцина Ресейден әкелінді. Екпеден қорқып, бас тартудың қажеті жоқ. Өзім жыл сайын екпе жасатамын. Нәтижесі көңілімнен шығады», - деді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Облыстың бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазиннің айтуынша, коронавирус инфекциясы кезінде тұмау да қауіпті.

«Екеуі де тыныс жолдарын, қан тамырларын зақымдайды. Бірден екі вирус жұқса, қиын болады. Аса қауіпті топқа кіретін қариялар, созылмалы дертке шалдыққандар мен балаларға, медицина қызметкерлеріне вакцинаны тегін егуді жоспарлап отырмыз. Жоспарлы вакцинация, қазан айында емес, 15 қыркүйекте», - деді Мейрамбек Құрманғазин.

Соңғы жаңалықтар