Ақтөбе облысында су кірген Қобда ауылында жұмыстар жалғасып жатыр

None
Фото: gov.kz
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында елді мекенге кірген еріген қар суымен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақтөбе облысында тұрғын үйлер мен аула аумақтарынан су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен тәулікте 70500 текше метр еріген қар суы сорылды.

Қазіргі таңда Қобда ауданының Қобда ауылына жұмылдырылған күштер мен құралдар 13 тұрғын үйден су сору жұмыстарын жүргізуде. Бұған дейін көшірілген 12 адам уақытша эвакуациялау пункттерінде, 79 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды. 365 адам өз үйлеріне оралды. Бұған дейін қауіпсіз жерге айдалған ауылшаруашылық жануарлары қораға қайтарылды.

Жағдай тұрақты бақылауда», - делінген Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.

Ақпаратқа сәйкес, қазір өңірде су тасқынына қарсы облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. «Жедел желі» телефоны жұмыс істейді, оған бүгінге дейін ақпараттық сипаттағы 135 қоңырау түсті.

Айта кетейік, 14-23 наурыз аралығында Ақтөбе облысында 598 786 текше метр еріген қар суы сорылды, құм салынған 29 333 дана қапшық төселді. 1 учаскеде су бұруға арналған траншеялар қазылды, ұзындығы 3600 м жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді, 15 286 текше метр инертті материал жеткізілді, сондай-ақ ұзындығы 325 метр уақытша бөген салынды. Қобда өзеніне ұзындығы 1000 метр су бұру каналы салынды. 593 550 мың текше метр қар шығарылды.

Еске салайық, Ақтөбе облысында еріген қар суы бірнеше елді мекенді әбігерге салған болатын. Атап айтқанда, 17 наурызда Ойыл өзені тасып, Қаратал ауылына су кірді, тұрғындар эвакуацияланды. Үйлерге су кірді. Өңірге Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин барды. 21 наурызда комиссия Ойыл ауданында су тасқыны кезінде келтірілген залалды бағалауға кірісті.

22 наурызда Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынатын үйлердің алғашқы қазығы қағылды. Қобда ауылында 78 үй, 22 аула аумағы еріген қар суының астында қалған болатын. Залалды бағалау жөніндегі комиссияның алдын ала мәліметтеріне сәйкес, 7 үй қалпына келтірілмейді, 4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 13 үй суда тұр.


Соңғы жаңалықтар