Ақтөбе облысында санақ жүргізушілер вакцина алғандар арасынан іріктеліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында Ұлттық санаққа интервьюер ретінде алынатын адамдар вакцина алған тұрғындар арасынан іріктеледі. Аймақ әкімі Оңдасын Оразалин Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоспар бойынша облыс аумағында санақ жүргізу үшін 155 нұсқаушы-бақылаушы мен 1 084 интервьюер керек. Бүгінде жұмысқа орналасуға ниет білдірген азаматтармен әңгімелесу жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге әкімдік волонтер мен студенттерді интервьюер ретінде тарту жұмысын қарастыруда. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін санақ қызметкерлері вакцина алғандар арасынан іріктеледі», - деген өңір басшысы Үкімет жиынында айтылған кемшіліктерді жоюға толық мүмкіндік бар екенін атады.

«Жалпы Ұлттық халық санағы науқанын медиасүйемелдеу бойынша облыстық телеарналарда, БАҚ-та бейнероликтер көрсетілді және халық арасында түсіндіру жұмыстары жүрігізіліп жатыр. Әлихан Асханұлы атаған кемшіліктерді жойып, жұмысты кең жолға қоюға барлық мүмкіндік бар. Өңірде санақты сапалы өткізу мәселесі бақылауда», - деді Оңдасын Оразалин.

Еске салсақ, Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов биылғы санаққа 2009 жылғыдан 2,6 есе аз қаржы жұмсалатынын айтқан болатын.

«Цифрлық технологиялардың енгізілуіне, процесті автоматтандыруға және қағаз құжаттың орнына планшеттерді қолдануға байланысты санақ 2009 жылғы санақтың шығынына қарағанда 2,6 есе арзан. Бұл ретте деректердің сапасы мен ақпаратты жинау жеделдігі айтарлықтай жақсарады. Санақ аяқталған соң планшеттер мектептер мен ауруханаларға беріледі. Санақ жүргізу - бүкіл қоғамның қатысуын талап ететін ауқымды іс-шара. Сонымен бірге, талдау кейбір өңірлерде, атап айтқанда Маңғыстау облысында, Шымкент қаласында, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында дайындық жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты барлық жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар Іс-шаралар жоспарын қатаң ұстануы және белгіленген мерзімдерде ұлттық халық санағының сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар