Ақтөбе облысында оқушылар мінген такси жол апатына ұшырады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде екі көлік соқтығысты. Олардың бірінде болған 5 оқушының бірі ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін сағат 09:50-де болған.
«Қарауылкелді ауылындағы Ә. Молдағұлова көшесі бойында»НИВА«мен»Лада Приора«автокөліктері соқтығысты. Салдарынан көлік ішінде болған қыздың «бұғанасына зақым келді» деген диагноз қойылды. Дерек аудандық полиция бөлімінде тіркелді«, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Аудандық аурухана мамандары балаларды қарап шығып, 12 жасар қызды жедел жәрдем көлігімен облыс орталығына жіберген. Ол облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды.

Бұл жайттан аудан әкімдігі де хабардар. Оқушы қыздардың аудан орталығына не үшін келгені мәлім болды.
»Негізі Ноғайты ауылында іс-шара өткізіп жатырмыз – ұландар слеті. Оған таңертең автобуспен балалар кетті. Жанында полиция бар. Одан кейін осы хабар келді. Білім саласына жауапты адамдардан мән-жайды сұрадым. Біз ұйымдастырып жатқан шараға еш қатысы болмай шықты.

Бес бала таксимен аудан орталығына келген. Ауыл жақын. Шамамен 18 шақырым болады. Қарауылкелдідегі көше қиылысында екі көлік соқтығысқан. Бес баланы дәрігерлер қарады. Бәрі дін аман. Бір қыздың бұғанасы жарылған, оны жедел жәрдем қалаға алып кеткен. Оның жағдайын білу үшін аудандық білім бөлімінің басшысын қалаға жібердім. Жағдайын білді. Дін аман, ауруханадан шыққан екен. Ауылға қайтып келе жатыр.

Негізі балалардың жанында ата-аналары болмаған. Оқушылардың өздері аудан орталығына келген. Аудан орталығындағы дүкеннен өздеріне қажетті киім-кешек алуға шыққан деп айтты«,- деді Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.


Еске салсақ, бұған дейін спорттық жарысқа қатыспақ болған балалар жол-көлік апатына ұшырап, бір оқушы көз жұмған еді. Ал 8 бала ауруханада ем қабылдады.


Соңғы жаңалықтар