Ақтөбе облысында медициналық құрылғыны 4 есе артық бағамен сатып алған – Бас прокуратура

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жылжымалы шұғыл медициналық көмек кешені (жедел жәрдем) кедендік құнынан 4 есе артық бағамен сатып алынған.

Бұл туралы бүгін Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен алқа отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында жер саласындағы заңдылықты сақтау, сондай-ақ медициналық бұйымдарды сатып алу мәселелері қарпалған.

Екінші мәселе бойынша «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» қызметі тексерісінің нәтижелері талқыланды.

Прокурорлық тексеріс кезінде бюджет қаражатын жымқыру және жоғары бағамен сапасыз медициналық техниканы сатып алу фактілері анықталды.

Мәселен, Ақтөбе облысындағы медициналық орталық жылжымалы шұғыл медициналық көмек кешенін (жедел жәрдем) кедендік құнынан 4 есе артық бағамен сатып алынған. Нарықтық бағасы 16,6 млн теңге болса, орталыққа 72,9 млн теңге жұмсалған.

Осындай жәйттер Алматы қаласында, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Қостанай, ШҚО, БҚО, Жамбыл және Павлодар облыстарынан да анықталды.

«Тексеріс нәтижелері бойынша прокуратура заң бұзушылықтарын жою туралы 208 ұсыну енгізді, 405 адам тәртіптік және әкімшілік жауапқа тартылды, 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды»,-делінген хабарламада.

Отырыс барысында пайдаланылмай жатқан 1,5 млн гектар жердің мемлекетке қайтарылғаны айтылды.


Соңғы жаңалықтар