Ақтөбе облысында көпбалалы отбасы мемлекеттің бизнесті дамыту грантына ие болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне қатысты әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда.

Осылайша 5 баланың әкесі, жұмыссыз Берік Төреханов кәсіпкерлік сауаттылық курстарын өтіп, Алға ауданында қой шаруашылығын дамыту ісін ашуға грант алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Менің білімім – орта, мамандығым жоқ. 8 сынып аяқтағам. Жұбайымның да білімі орта, жарты күн сатушы болып жұмыс істеген, мен қосымша жұмыс жасадым. Ата-ананамыздың қолында, бір үйде 14 адам тұрып жаттық. Әкем биыл көз жұмды, отбасыммен бөлек шықтым. Әкем кшігірім үй алып беріп үлгерді», - деді Б.Төреханов.

Биылғы жылдың тамыз айынан бері Төрехановтар отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала бастаған. Отбасыларында 5 бала, ең кенжесі – 1,5 жаста, үлкені – 12-де.

Берік Төреханов көктем мезгілінде жаңадан бастаушы кәсіпкерлерге арналған «Бастау» курстарын өтті. Бизнес жобасы қой шаруашылығын дамытумен байланысты, ал 2019 жылдың тамыз айында 505 мың теңге көлемінде 200 АЕК түріндегі грантқа ие болды. Бұл ақшаға Берік 16 саулық пен 1 қой сатып алды.

«Мен мемлекетке көрсетілген қолдау үшін үлкен алғыс айтамын. Маған 505 мың теңге көлемінде грант берілді. Оған қой сатып алдым. Бала күнімнен мал өсірумен айналыстым. Бұл іс өзіме ұнайды. Қыс мезгіліне шөп те дайындап қойдым, қора бар, әлі астық алған жоқпын. Қойларым келесі жылға дейін төлдейді деген үміттемін», - дейді Б.Төреханов.

Автор: Самал Ендібаева

Соңғы жаңалықтар