Ақтөбе облысында көлік аударылып, бір топ қырғызстандық зардап шекті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Самара-Шымкент тасжолында жеңіл көлік аударылып, жеті адам ауруханаға түсті. Бір жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға сағат 07:30-да болды. Самара-Шымкент тасжолының 1053 шақырымында, яғни, Ырғыз ауданының Қалыбай ауылы маңында «Тойота Альфард» көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан көлік аударылып, оқиға орнында бір жолаушы көз жұмды. Тағы алты жолаушы мен жүргізуші Ырғыз аудандық ауруханасына жеткізілді. Бәрі Қырғызстан азаматы.

«Қазір жол-көлік апаты кезінде зардап шеккен азаматтар ауруханаға жеткізілді. Тергеу басталды. Облыстық полиция департаменті шетел азаматтарына жол ережесін сақтауды ескертеді. Себебі ірі халықаралық тасжолда жиі жол апаты тіркелді. Мәселен, 26 тамызта Самара-Шымкент тасжолында «Лада-21703» көлігі жүк машинасымен соқтығысып қалды. Нәтижесінде жеңіл көліктің 22 жастағы жүргізушісі ауруханада көз жұмды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, Қырғызстан көлігі аударылып қалған Қалыбай ауылы маңында өткен жылы 52 Өзбекстан азаматы жанып кеткен болатын.



Соңғы жаңалықтар