Ақтөбе облысында киберқылмыскер ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде онлайн-банкинг арқылы 17 адамды алдаған киберқылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес қызметкерлері алаяқты қолға түсірді. Ол онлайн-банкинг арқылы 17 тұрғынды алдап соққан.

«Соңғы жылдары интернет арқылы алданғандар қатары артып келеді. Соның ішінде алаяқтар микроқаржы ұйымдарынан несие алуды әдетке айналдырған. Мәселен, күдікті Р. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап olx.kz сайтына қысқа уақыт ішінде қарызға ақша беретінін жазған. Сөйтіп ұялы байланыс нөмірін қалдырады. 2018 жылдың ақпаны күні жәбірленуші А. хабарламаны оқып, 15 минут ішінде қарызға ақша беретін адамға телефон шалады. Алаяқ жеке кәулігін, мекенжайы мен фотосын, карта нөмірін сұрап алып, кейін бес микроқаржы ұйымынан оның атына ақша алған. Бұған дейін күдікті 19 рет осындай қылмыс жасап, жауапкершілікке тартылды», - деді №3 Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің тергеушісі Сейтжан Дәулеткерей.

Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды.

Айта кетейік, биыл облыста 28 киберқылмыскер ұсталды.

Қазіргі уақытта облыстық Полиция департаменті Koleso.kz сайты арқылы алданған адамдарды іздеп жатыр. Көліктің қосалқы бөлшектерін арзан бағаға «сатқан» күдікті бірнеше адамды сан соқтырған. Криминалдық полиция басқармасы күдіктіні ұстап, қамауға алды. Бұл факті бойынша да «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар