Ақтөбе облысында карантин талаптарын бұзғандарға 126 миллион теңге айыппұл салынған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде коронавирус инфекциясына шалдыққан 53 адам ауруханада жатыр. Олардың арасында жасанды тыныс алу аппаратына қосылған науқас жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте өңірде 7 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Екеуі Ақтөбе қаласының, үшеуі Шалқар ауданының тұрғыны. Сонымен бірге Хромтау және Мәртөк аудандарының тұрғындары да індетке шалдықты. Аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,2% құрады. Облыста барлығы 3412 жағдай тіркелсе, 96 пайызы жазылды.

«Ақтөбеде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыс аумағында блокпос жоқ. Ақпан айынан бері санитарлық-карантиндік бекет жұмыс істеп тұр. 6-қазаннан бері «Әлімбет» карантиндік-санитарлық бекеті арқылы 6150, «Жайсаң» арқылы 16 мыңнан астам адам өтті. Келген адамдардың 21-нен коронавирус инфекциясы анықталды», - деді Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева.

Қазір 354 адам үй карантинінде. Дәрігерлер өз бақылауына алды.

«Облыс бойынша қазір 53 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 31-і қалада, 22-і аудандарда. Жансақтау бөлімінде 2 науқас бар. Ал жасанды тыныс алу аппаратына қосылған ешкім жоқ», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Мобильді топтар жұмысын жалғастырып жатыр. Олар жинақтаған құжат негізінде 1024 әкімшілік хаттама толтырылып, 126 миллион теңге айыппұл салынды.

«Карантин шектеулерін сақтап, 65 жастан асқан адамдардың себепсіз далаға шықпауын сұраймыз. Адам көп жиналатын орындарға бармағаны дұрыс. Бетперде тағу, арақашықтықты сақтау, антисептик қолдану туралы ескертуді жиі айтамыз», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.


Соңғы жаңалықтар