Ақтөбе облысында карантин күшейтіле ме: Бас санитарлық дәрігердің жауабы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы тәулікте Ақтөбе облысында 1 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. 31 жастағы Ақтөбе тұрғыны профилактикалық мақсатта тексерілген. ПТР-сынамасы оның вирус жұқтырғанын көрсеткен. Бүгінге дейін өңірде барлығы 3 мыңнан астам адам вирус жұқтырса, олардың 98 пайызы жазылып шықты.

«Шекараларда шектеу шарасы күшейтілді. Ақтөбе облысында екі шекара бекеті бар. Қарғалы мен Мәртөк арқылы 6-14 қазан аралығында 3600-ден астам адам өтті. Оның ішінде анықтама құжаты болмаған 594 адамнан ПТР-сынама алынып, екеуінің нәтижесі оң болып шықты. Олар оқшауланып, ем алуда. Көрсеткіш кейбір облыста асып кетіп жатыр. Шектеу де күшейтілген. Ақтөбе облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Егер бұған дейінгі қаулыда бекітілген талапты сақтап, санитарлық ережені ұстанатын болсақ, жаңа қаулы қабылданбайды. Көрсеткішті сақтап қалу өзіміздің қолымызда. Бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажет», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Айта кетейік, облыста карантин талаптарының сақталуын тексеретін мониторингілік топтар жұмыс істейді. Барлығы 1 мыңға жуық хаттама толтырылып, 82 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Еске салсақ, өңірде қажеттілік туындаған жағдайда төсек-орын саны 315-тен 3603-ке дейін ұлғайтылмақ. 6 қазаннан бастап А.Досжанова жатақханасы, Жайсаң көпсалалы колледжі, Қарғалы ауданының Әлімбет мектеп-интернатынан 440 орындық 3 стационар іске қосылды. Облыстағы 1547 төсек-орынның 1438-і, яғни, 93% оттегімен қамтылған.


Фото: mugalzhar.kz


Соңғы жаңалықтар