Ақтөбе облысында дәнді дақылдың тең жартысынан астамы жиналды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 370 мың гектарға жуық алқаптағы дәнді дақылдың тең жартысынан астамы жиналды. Орта есеппен әр гектарынан 15 центнерден бастырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірдегі әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстардың орындалуына баса назар аударды. Бүгін астық жинау науқанына байланысты жиын өткізді. Кеңеске бірқатар мемлекеттік органның, қаржы институттарының басшылары қатысты.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, биыл Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 700 мың гектардан асты. Оның 370 мың гектарға жуығы - дәнді дақыл. Бүгінде оның 188 мың гектары жиналды. Бұл орылған алқаптың 51,1 пайызын құрайды. Әр гектарынан орта есеппен 15 центнерден өнім алынса, 282,4 мың тонна астық қамбаға құйылғаны белгілі. Егін жинау жұмыстары қыркүйектің үшінші онкүндігінде аяқталмақ.

Жиында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету сұрақтарына ерекше назар аударылды. Күзгі астық жинау жұмыстары кезеңіне 11 мың тонна қажет болса, оның 6,7 мың тоннасы жеткізілді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын уақытылы және үздіксіз жеткізу маңызды екенін атап өтті.

Өңірде суармалы жердің игерілуі ерекше бақылауда болады. Облыс бойынша суармалы жерлердің жалпы аумағы 30,2 мың гектарды құрайды. Өңір басшысы Қарғалы және Хромтау аудандарындағы республикалық бюджет есебінен қалпына келтірілген жалпы аумағы 1693 гектар болатын суармалы жердің мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұдан бөлек, облыс әкімі жайылымдарды суландыру үшін бұрғылау және барлау жұмыстарын қажет ететін шаруа қожалықтарын анықтап, қаржыландыруды, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімді өткізуде қолдау көрсетуді тапсырды.

«Ауыл шаруашылығы – маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Бүгін жиналыста талқыланған сұрақтар үнемі қатаң бақылауда болуы керек»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар