Ақтөбе облысында биыл тағы он ауыл газбен қамтылады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында ауылға газ жеткізу жұмысы жалғасады. Биыл тағы он ауылға көгілдір отын беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттердің бірі - елдімекендерді газдандыру.

Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе облысында Президент тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

Жиынға бірқатар мемлекеттік орган басшылары және Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Биыл Ақтөбе облысында он елдімекенге газ келеді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 835 мың адам немесе өңір халқының 93,4 пайызы тұратын 152 елдімекен көгілдір отынмен қамтылады.

2022-2025 жылдар ішінде 76 елді мекенді газдандыру міндеті қойылды. Нәтижесінде газбен қамтылған тұрғындардың үлесі 97,6 пайызға жетеді.

«Қор бар, өңірдің өткізу мүмкіндігін ұлғайтумен айналысу керек. Бәрі газбен қамтылуы тиіс. Бүгінде облыста Ойыл және Ырғыз аудандары газбен аз қамтылған. Ойыл ауданында 22 елді мекеннің тек үшеуіне, Ырғыз ауданында 18 ауылдың бесеуіне ғана газ кірген. Осы аудандар бойынша жұмысты күшейту қажет»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бұдан бөлек, жол бойындағы жас көшеттерді күтіп-баптауға, су қоймаларын салуға, суармалы жерлер алаңын кеңейтуге, елді мекендерді абаттандыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Осы аптада облыста санитариялық тазалау, абаттандыру және көшет отырғызу бойынша екі айлық басталады.

Сондай-ақ тазалық сақтау мақсатында қоғамдық орындарда, қоқыс алаңдарында бейнебақылау камераларын көбейту туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар