Ақтөбе облысында биыл 1300-ден астам адам ревакцинациядан өтеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша 745 адам ревакцинациядан өтті. Жыл соңына дейін 1300-ден астам адам вакцинаның үшінші дозасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша өткен тәулікте 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі кезде 100-ге жуық адам инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр. Оның 16-ы жансақтау бөлімінде. Үш науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды.

«Коронавирус инфекциясын жұқтырған 13 бала дәрігерлер бақылауына алынғанымен, ауруханаға жатқызылғандары жоқ. Сонымен бірге үш жүкті әйелдің біреуі стационарда жатыр. Инфекциялық кереует жүктемесі - 31, жансақтау бөліміндегі төсек-орын жүктемесі 32% құрады», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірге 918 мыңнан астам вакцина жеткізілді. Қазіргі кезде 331 мыңнан астам адам вакцинаның екі компонентін де қабылдады. Бұл иммундауға жататын адамдардың 62% құрап отыр.

«Ақтөбе облысы бойынша 745 адам ревакцинациялаудан өтті. Көбі қазақстандық вакцинаны қабылдап жатыр. Жалпы биыл 1300-ден астам адам вакцинаның үшінші дозасын қабылдайды деп жоспарлап отырмыз. Ал Pfizer вакцинасын 1485 адам салдырды. Оның 880-і жасөспірім. Ешқандай да кері әсері болмады», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.


Соңғы жаңалықтар