Ақтөбе облысында білім мекемелерін жөндеуге 4,5 млрд теңге бөлінді

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жаңа оқу жылына дайындық жүріп жатыр. Биыл барлығы 38 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балабақша, мектеп, орта арнаулы білім беру мекемелерінің ғимаратын жөндеуге жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінген.

«Облыстық білім басқармасы арнайы жоспар дайындады. Жоспарға сәйкес облыста 100-ден астам білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Барлығын бір жылда жөндеу мүмкін емес. Сондықтан үш жылдық жоспар бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Келер жылы да дәл осылай күрделі жөндеуді жалғастырамыз. Тізімге алынған білім, тәрбие ордаларының бәрі ескірген. Шатырынан су ағады, едені бүлінген, жылу жүйесі тозған. Сонымен бірге барлық мектепте кішігірім жөндеу жұмысы аяқталуға жақын», - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Айта кетейік, жаңа оқу жылынан бастап оқушылар 1 маусымға дейін білім алады. Бұл оқушылар жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

«Соңғы 2 жылда жазғы мектеп жобасы жүзеге асырылып келеді. Балалар 17 маусымға дейін білімін толықтырды, түсінбеген бағдарламаларын игерді. Тиімділігі байқалды. Ата-аналарды мазалайтын тағы бір жайт, оқулық. Оқулық сатып алуға 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Баспаханамен келісімшарт жасалып, қабылдауға әзір отырмыз. 20 тамызға дейін оқулық жеткізіледі. Биыл 2-сынып оқулығы қайта басылып шығып жатыр. Ал өзгесіне оқулықты ерте үлестіреміз. Балалар демалыста дайындалып, таныса алады», - деді Жолдас Батырхан.

Ақтөбе облысында бірыңғай мектеп формасының үлгісі болады. Келер жылы оны облыстық білім басқармасы бекітіп береді. Биыл 19 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады.


Соңғы жаңалықтар