Ақтөбе облысында баспанасыз қалған студенттерге көмек берілмек

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының жоғары оқу орындары қандай да бір себеппен баспанасыз қалған студенттерге көмектесуге дайын. Бұл туралы өңір әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі кезде Ақтөбе облысында 4 жоғары оқу орны бар. Мұнда қаладан тыс жерден келген 8 мыңға жуық студент білім алады.

«Қазіргі таңда оқу орындарында 4 580 орынға арналған 12 жатақханада 3422 студент тұрып жатыр. Өңірдегі жоғары оқу орны ректорлары қандай да бір себеппен баспанасыз қалған студенттерге көмектесуге дайын екендігі туралы студенттерге хабарлама таратты. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жатақханасында 581 орын, М.Оспанов атындағы БҚМУ жатақханасында 345 орын, Байшев университетінің жатақханасында 147 орын, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің жатақханасында 16 орын студенттер үшін бос тұр», - деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігінен.

Сонымен бірге колледждерде оқитын 12 студентке көмек көрсетіліп, олардың жатақханаға орналасуына жағдай жасалды.

Ақтөбе облысында жоғары және арнайы орта оқу орындарындағы жастардың баспана мәселесі бақылауға алынды.

Айта кетейік, бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баспананы жалға беру құнының қымбаттауна қатысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда баспана жалдау нарығы соңына дейін реттелмеген және оның басым бөлігі –көлеңкеде жатыр. Бұл мәселені қарау және өз ұсыныстарын енгізу үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне арнайы жеке тапсырма берілген.


Соңғы жаңалықтар