Ақтөбе облысында ауыл әкімі өртеніп жатқан үйден 5 баланы құтқарды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы, Сұлукөл ауылында үй өртеніп, ауыл әкімі мен тұрғындар 5 баланы аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі Әйтеке би ауданының Сұлукөл ауылында үй өртеніп, аумағы 200 шаршы метр баспана жанып кеткенін мәлім етті.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше ауыл әкімі Смағұлов Нұрдәулет батылдық танытып, 5 баланы үйден аман алып шықты. Олардың барлығы тексеру үшін медицина мамандарына тапсырылды», - деді ТЖД-дан.

Оқиғаның мән-жайын ҚазАқпарат тілшісіне Сұлукөл ауылының әкімі Нұрдәулет Смағұловтың өзі айтып берді.


«Өрт болған үй әкімшілікке жақын. Таңертең сыртта жүргенбіз. Үйден түтін шығып жатқанын көріп, жанымда тұрған жұмысшылармен бірге жедел жеттім. Кірген бойда бесікте жатқан баланы сол күйі алып шығып, өзгелерге ұстаттым. Тағы біреуі диван үстінде отырды. Оны далаға алып шығып, бетін қармен ысқыладық. Сол кезде ғана бала жылап жіберді», - деді Н.Смағұлов.

Ауыл адамдары алғашында өртті өз күшімен сөндірмек болған. Өрт сөндірушілер келгенше су таситын көлікпен су жеткізген. Бірақ жалын күш алып, үй мен оған жапсарлас орналасқан дүкен жанып кеткен.
«Біз бірден балалардың ата-аналарына хабар бердік. Олар ауылдағы өзге дүкенде жүрді. Балалары үйде болған. Бұл – ерлік емес, парызымыз. Кез келген ер азамат дәл осылай жасар еді», - деді ауыл әкімі.
Айта кетейік, өрт сөндірушілер үй ішінен газ баллонын алып шықты. Мамандар өрт қауіпсіздігі ережесіне салғырт қарамауды сұрады.


Соңғы жаңалықтар