Ақтөбе облысында 52 жолаушысы қаза тапқан автобус ісіне қатысты сот басталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Ырғыз аудандық сотында автобуста өртеніп кеткен 52 жолаушының ісіне қатысты алдын ала отырыс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін таңертең сағат 10-да Ырғыз аудандық сотында өртенген автобус ісі бойынша алдын ала отырыс өтті. Мақсат Пернебеков, Нұржан Қырғызбаев, Барат Танатов, Тілепбаев және Пердебаевке қатысты қылмыстық іс 9 шілдеде келіп түсті.  Іс процесі Ырғыз аудандық сотында өтіп жатыр, себебі Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобус осы өңірде өртенген болатын», - деді Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің басшысы Анар Айтжанова.

Өртенген автобустың үш жүргізушісі,  «Азия транзит сервис» ЖШС құрылтайшысы мен механигі, жалпы 5 адам айыпты ретінде танылған.

Жүргізушілер ұсталған күннен бастап қамауға алынды. Олар екі немесе одан да көп жолаушының өліміне әкеп соққан көлік құралдарын пайдалану және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін айыпталуда. Компания қызметкерлеріне екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған ақаулы көлік құралын пайдалануға жол бергендері үшін, коммерциялық ұйымдардағы міндеттеріне салғырт қарағаны және ресми құжатты қолдан жасағаны, қолданғаны үшін айыпталды.

Автобус иесі халықаралық деңгейде іздестіру жарияланған.

Еске салайық, 2018 жылғы 18 қаңтарда Ырғыз ауданындағы Қалыбай ауылының тұсынан өтетін Самара-Шымкент жолында ішінде Өзбекстанның 52 жолаушысы бар автобус өртенгенді. Жол апатынан Қазақстанның азаматтары болып табылатын 3 жүргізуші, Өзбекстанның 2 азаматы аман қалды. 

Соңғы жаңалықтар