Ақтөбе облысында 180 мың теңге жалақыға жұмысшы табылмай отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай 180 мың теңгелік жалақысы бар жұмысқа адам таппай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Ембі қаласында 14 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарының көбі теміржол саласында жұмыс істейді. Қала бойынша 18 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.

«Балабақшаға жұмысшы керек. «Жасыл ел» жастарды жұмысқа шақырғанымен, ешкім келмеді. Ер балалар 60 мың теңгенің жұмысын істемейді. Барлығы 3 орын бос тұр. Ер адамдар 80-150 мың теңге сұрайды. Шынын айтқанда, жұмыспен қамту орталығы арқылы 5 адам жұмыс істеп жүр. Оның үшеуі пробациялық бақылаумен сағат бойынша жұмыс істейді. Яғни, қала тазалығымен айналысатын адам таппай отырмыз. Сондықтан әкімдіктің ішкі қызметкерлері сенбі сайын шығып, ағаш кесіп, қоқыс жинайды», - деді Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай.

Ауылдағы мыс, алтын кенін өндіру зауыттары эксковаторшы сұрайды. Оның жалақысы 180 мың теңге болады, алайда жұмысқа адам табылмады. Техника бар, оны басқаратын жұмысшы жоқ. Тіпті, вахталық әдіс ұсынылады.

«Жұмыспен қамту орталығына тракторшы тіркелсе, жүгіріп барып, жұмыс ұсынамыз. Мәселен, Жем қаласының әкімі жүргізушіні үш ай бойы іздеп, соңында бажасын жұмысқа алды. Әкімнің өзі көлік айдауына болмайды. Жүргізуші 47-49 мың теңге алады. Бұл ақшаға ер адамдар келмейді. Өзім 280 мың теңге еңбекақы аламын, экологиялық қосымша өтемеақы төленеді», - деді  Әлімжан Қорғанбай.

Еске салсақ, «Ақтөбе - Атырау» тасжолының құрылысы кезінде ауыр техниканы жүргізетін мамандарға сұраныс артты. Жергілікті әкімдік  жалақысы 200 мың теңге болатын жұмысқа сай келетін кадр таппай, хабарлама берген еді.

Соңғы жаңалықтар