Ақтөбе облысында 160-тан астам жүргізуші рульге мас күйде отырған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында мас күйінде көлік жүргізгендер қатары азаяр емес. Жыл басынан бері 160-тан астам факті тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының Шайкенов көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері 38 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «Опель Зафира» автокөлігін тоқтатты. Сараптама қорытындысы бойынша оның мас күйде рульге отырғаны нақтыланды. Сонымен бірге бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.

«Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі, яғни, «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік немесе токсикологиялық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған, мас күйінде көлік жүргізген 160-тан астам жүргізушіні анықтады», - деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Соңғы жаңалықтар