Ақтөбе облысына 5,8 трлн теңге инвестиция тартылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысына 5,8 трлн теңге инвестиция тартылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикикалық даму кешенді жоспары өңірдің өркендеуіне жаңа серпін беріп, шикізатқа тәуелділікті төмендету, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында әзірленді. 5 жылдың ішінде кешенді жоспар жобаларын іске асыруға барлығы 570 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылса, оның басым бөлігі өндіріс және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының есебінен болады. Бүгінде Ақтөбе облысының географиялық жағынан тиімді орналасуы, жер қойнауында бай кен орындарының және адами капитал әлеуетінің мол болуы өңірге инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Ақтөбе облысының өндірісі дамыған ірі өңір екендігін ескере отыра, кешенді жоспарда жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын бірнеше жоба көзделген. Оның ішінде түрік инвесторларымен іске асырылып жатқан, ерекше шарттары бар индустрия аймағын құру жобасы бар. Жалпы осы жоба аяқталған соң 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 500 млрд теңге инвестиция тартылады», - деді Оңдасын Оразалин.

Облыс басшысының дерегінше, жалпы 2025 жылға дейін өңірге 5,8 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады. Оның 1,7 трлн теңгесі шетелдік инвесторлардың қаражаты болады.

«Өңірде көптеген инфрақұрылымдық жобалар да іске асырылып жатыр. Оның ішінде кешенді жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін республикалық бюджеттен 65 млрд теңгеге жуық қаражат қолдау тапты. Бұған қоса, жергілікті бюджеттен қосымша қаржылдандыру есебінен бірнеше автомобиль жолын қайта жаңғырту, жеке тұрғын үй құрылысы алаңдарын инженерлік-коммуникациялық желілерімен қамту жобалары іске асырылады», - деді өңір әкімі.


Соңғы жаңалықтар