Ақтөбе облысын түйеқұстар жерсініп кете алмады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында түйеқұстарды асыруға арналған бірден-бір ферма жабылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2016 жылы Қобда ауданында түйеқұстарды асырауға арналған ферма ашылған болатын. Алайда аталған құстардың түрі біздің климатқа бой үйретіп кете алмады. Оларды ары қарай ұстау тиімдіемес. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерінің басқа да салалары даму үстінде», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.

Ақтөбе облысы үшін ауыл шаруашылығының дәстүрлі түрлеріне мүйізді ірі қара мен ұсақ малды өсіру жатады.

Облыс әкімі Бердікбек Сапарбаевтың тапсырмасымен ауыл тұрғындарының арасында дәстүрлі емес мал шаруашылығының түрлерін дамыту жұмыстары жүргізілуде.

«Ауыл халқы дәстүрлі емес мал шаруашылығының түрлерін белсенді түрде игеру үстінде. Яғни, сүті сауылатын ешкі, ара, қоян, бөдене, үйрек пен қаз өсіріп жатыр. Әлбетте, шынына келгенде бұл табысы мол бағыт. Оны жолға қою үшін аса үлкен жайылым немесе ақшалай шығынның қажеті жоқ. Оның үстіне мемлекет тарапынан да оларды қолға алғандарға жеңілдетілген несие беріп отыр. Мысалы, қояндарды өз үйіңізде тор ішінде асырай аласыз. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, біз биыл дәл сондай 40 шаруа қожалық ашуымыз керек болатын. Қазірге дейін олардың 75-і ашылып қойды. Менің ойымша, көптеген адамдар дәстүрлі емес шаруашылықтардың пайдасын енді түйсініп келе жатқан секілді», - дейді Панабек Бимұратов.

Мәселен, омарта шаруашылығы Алға, Мәртөк, Ойыл аудандары мен Ақтөбе қаласында жолға қойылған. Өңірдегі ауылдардың тұрғындары сауылатын ешкілердің де санын 700-ге жеткізген. Ешкі сүтін өндіруші шаруашылықтардың ең ірісі Алғыс ауылдық округіндегі «Шекшек ата» кооперативі болып табылады. Ол жерде сүттен бөлек, ірімшік пен сүзбе өндіріледі.

Жалпы, Ақтөбе ауданында дәстүрлі емес мал шаруашылығымен айналысатын 263 шаруа қожалық бар.

Соңғы жаңалықтар