Ақтөбе облысы «қызылдан» «сары» аймаққа өтті: Жаңа қаулы шыға ма

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Бүгін Ақтөбе облысы коронавирус бойынша ахуалды бағалау матрицасында «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен бір тәулікте өңірде 50 жағдай тіркелді. COVID-19-ға шалдыққандардың 39-ы инфекциялық стационарларға жатқызылды. Ақтөбе қаласында – 23 науқас болса, Алға, Қобда, Мұғалжар мен Темір аудандарында да жөтеліп, дене қызуы көтерілгендер бар.

«Тәулік ішінде бір оқушы мен бір балабақша тәрбиеленушісінен коронавирус инфекциясы анықталды. Қазір облыс бойынша 3700-ден астам адам үй карантинінде. Олар екі апта бойы дәрігер бақылауында болады. Аурушаңдық көрсеткіші бойынша облыс жексенбі күні «қызыл» аймаққа өтіп, бүгін тағы «сары» аймақтамыз. Қазіргі кезде облыста ғана емес, елімізе эпидахуал сәт сайын өзгеріп тұр. Дегенмен Ақтөбеде жаңа қаулы шығаруға еш негіз жоқ. Балалар дәстүрлі форматта оқуын жалғастырады», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Қазіргі кезде облыстағы инфекциялық стационарларда 552 адам ем алып жатыр.

«Жансақтау бөлімінде 51 науқас ем қабылдауда. Оның жетеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазіргі кезде барлығы 56 бала бақылауда. Оның жетеуі стационарлық емде. Ал аяғы ауыр 47 келіншектің 27-і дәрігерлер бақылауына алынып, стационарға жатқызылды», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.


Соңғы жаңалықтар