Ақтөбе облысы әкімі лауазымына екі кандидат ұсынылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы әкімі лауазымына екі кандидат ұсынылды. Олар - Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, қазір Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы №912 Жарлығымен бекітілген Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидаларының 5,6-тармақтарына сәйкес Ақтөбе облысы аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының жиналысы өтіп жатыр.


Бүгінге дейінАқтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин болған еді.

Ол 1963 жылы 6 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1985 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын ағылшын тілінің мұғалімі, 1991 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын Ақтөбе педагогикалық институтында оқытушылықтан бастады (1985-1988 ж.), Ақтөбе педагогикалық институтының комсомол комитетінің хатшысы (1988-1990 ж.); «РИКА-ТВ» ЖШС-да жарнама ақпараттық-коммерциялық агенттігі бөлімінің басшысы (1990-1993ж.), «Банк - РИКА» ААҚ-ның басқарма төрағасы (1993-1999ж.); «Облтрансгаз» ЖАҚ-ның, «Ақтөбегаз» ЖАҚ-ның басқарма төрағасы (1999-2000ж.) болды.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының әкімі (2000-2003ж.), Ақтөбе облысының сыртқы экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының басшысы (2003-2004ж.), Ақтөбе облысының ішкі саясат департаментінің директоры (09.2004-09.2005ж.), Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары (09.2005-11.2006ж.) болып қызмет етті.

2006-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде лауазымды қызметтер атқарды.

2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінде болды.

2019 жылдың 26 ақпанынан бастап Ақтөбе облысының әкімі болды.

Еске салсақ бұған дейін бүгін Дархан Сатыбалды Түркістан облысының жаңа әкімі лауазымына тағайындалған болатын.
Соңғы жаңалықтар