Ақтөбе облыстық соты зорлық-зомбылық көрген балалардың тағдырына алаңдаулы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде әкесі туған қызына, ағасы қарындасына сексуалдық зорлық көрсеткен қылмыстық істерді мысалға келтіріп, қоғам назарын аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Абдолла Сәкен бүгін бірінші тоқсанды қорытындылап, журналистерге сот органдарының жұмысын баяндап берді. Жыл басынан бері өңірде 460 қылмыстық іс қаралды. Олардың 283-не қатысты үкім шығып, 307 адам сотталды, 8 адам ақталды. Облыс сотының төрағасы Абдолла Сәкен қоғамды алаңдатуы тиіс мәселелер туралы да айтты.

«Біз ғана емес, қоғам назарын аударуы тиіс мәселелер бар. Мәселен, екі қылмыстық іске үкім шығып, үкім заңды күшіне енді. Ақтөбеде әкесі туған қызын 2-3 жыл бойы зорлаған. Қызы 11-12 жас шамасында. Екінші істе ағасы туған қарындасына 2-3 жыл бойы сексуалдық зорлық жасағаны анықталды. Олар да жасөспірім. Балалар туғандарына сенеді, оларға шүбә келтірмейді. Бұл жағдай қыз баланың жүктілігі кезінде анықталды. Мектеп мұғалімі біліп, содан кейін ғана іс қозғалды», - деді облыстық сотының төрағасы Абдолла Сәкен.

Ақтөбе облысында әзірге химиялық кастрациялау үкімі шығарылған жоқ. Абдолла Сәкен өз сөзінде ата-ананың мұқият болуын, баламен барлық тақырыпта еркін сөйлесуге, ашық әңгіме айтуға кеңес берді.

«Ең үлкен тәрбие адамның сөзі емес, ісі. Ата-ана баланың тәрбиесінде жабық тақырыптарды қозғап, балаларды ақпараттандыруы керек. Бұл тек бір отбасының емес, қазір қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Қоғам назар аударып, бірлесе шешу жолын ойластырған жөн. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтып, мұндай мәселеге бейжай қарауға болмайтынын жеткізгем келеді», - деді Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Абдолла Сәкен.

Соңғы жаңалықтар