Ақтөбе облыстық әкімдігінің шенеуніктері лицензияларды заңсыз беріп келген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының екі басшысы заңсыз лицензия бергені үшін тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық Әдеп кеңесінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев пен басқарманың бөлім басшысы Есбол Базарғалиевке қатысты іс қаралды.

Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, басқарма басшыларының заңсыз лицензия бергені анықталған.  

«Басқарма жолаушылар тасымалын жүргізу үшін 17 лицензия берген. Оның 14-інде рейске шығар алдында көліктің техникалық жағдайы тексерілмейді. Оларда медициналық қызметкер жоқ болып шықты. Ал медициналық қызметкері бар тасымалдаушының арнайы сертификаты болмады. Барлығы 9 тасымалдаушыға көлік жүргізушісінің жұмыс өтілі сұралмай, лицензия берілген. 2016-2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында басқарма барлығы 24 лицензия берсе, тексеру кезінде 18-і заңсыз деп танылды. Яғни, әрбір төрт лицензияның үшеуі - заңсыз»,- деді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Қанат Нахымбеков.

Әдеп кеңесі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев пен басқарманың бөлім басшысы Есбол Базарғалиевке «қызметіне толық сай емес» деген ұйғарым шығарды.

Бірақ Аязбай Османғалиев «жолаушылар тасымалына арналған лицензия заңсыз берілді» деген прокуратураның тұжырымымен келіспеді.

Соңғы жаңалықтар