Ақтөбе мен Орынбор шекарасындағы ұзын-сонар кезек қашан жойылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе мен Орынбор облыстары арасындағы кезек мәселесі Кəсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі көшпелі кеңесте қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбенің Мәртөк ауданында шекара жайы талқыланды. Себебі қарапайым халық пен кәсіпкерлер екі ел арасындағы шекара бекетінде бірнеше сағат бойы кезек күтіп, бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісін еңсеруге мәжбүр. Сондықтан жиынға Ақтөбе облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі, облыстың мемлекеттік кіріс департаменті, сондай-ақ Орынбор облысындағы кəсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі өкілі Виктор Коршунов қатысты. Екі ел өкілдерінің басқосуында ақтөбеліктер Ресейден «Сагарчин» өткізу бекетін кеңейтуді сұрады.


«Ақтөбе жəне Орынбор шекаралық облыстардың кəсіпкерлері үшін басты мəселе – Қазақстанның «Жайсаң» жəне Ресейдің «Сагарчин» шекара бекетінен өту. Кейде он сағат күтуге тура келеді. Кəсіпкерлер жазғы уақытта көп шығындалады. Егер Қазақстан тарапы шекаралық өткелде көпжолақты өткізу жұмысын жүргізсе, Ресей бұл істі қолға алмаған. Салдарынан жеңіл көліктер 5-8 сағат, ал жүк көліктері бір тəулікке дейін кезекте тұрып қалады. Енді Ақтөбе және Орынбор облыстарының шекарасындағы кезекті жою мәселесін қараша айында Омбы қаласында өтетін Ресей мен Қазақстан Президенттерінің кездесуінде көтеру ұсынылды», - деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

«Қос тарап бұл мәселені жиі қозғаған соң сұрақтар да қарала бастады. «Жайсаң» мен «Сагарчин» шекара бекеттері туралы жиі айтыла бастады. Көлік министріне де көрсетіліп, проблемалы тұстарын өзі қарап шықты. 2020 жылы «Сагарчин» шекара бекетінде кеңейту, техникасын жаңарту жобасы басталады. 2021-2024 жылдар аралығында жаңа кешен салынады. Жаңа кешеннің өткізу қуаты 8 есеге артады. Бұл проблеманы толық шешпейді. Алдағы уақытта екі жақ бірлесіп, Первомай ауылы маңындағы «Илек» шекара бекетін іске қосуды ұсынамыз. Оны қайта қолданысқа жіберсе болады. Тек инженерлік инфрақұрылымын жаңартқан жөн», - деді Орынбор облысындағы кəсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі өкілі Виктор Коршунов.



Соңғы жаңалықтар