Ақтөбе мен Орынбор облыстары бірнеше меморандумға қол қойды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе мен Орынбор облыстарындағы мектеп оқушылары жазғы лагерьде тегін демалады. Кәсіпкерлер палатасы көрші облыстағы әріптестерімен бірлесе жұмыс істеуге келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Орынбор күндері аясында үш меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта Орынбордың 120 оқушысы «Әсем» лагерінде тынығып, Ақтөбенің 120 баласы «Солнечная сторона» лагерінде тегін демалады. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ресейлік әріптестерімен инвестиция, мемлекеттік қолдау, тиімді бағдарламаларды кәсіпкерлерге түсіндіріп, жобалармен бөлісу жұмысын қолға алды. Ал «Тюльган» машина жасау зауыты мен Қазақстандағы мұнай жабдықтары зауыты өндіріске қажетті өнімді бір-бірінен сатып алатын болды. Кездесу кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Орынбордың қызықты жобаларынан тәжірибе жинауға болатынын жеткізді.

«Өкінішке қарай, жасыл экономика жағынан артта қалып келеміз. Орынбор күн энергеясынан 200 Мвт қуат салса, бұл өте жақсы жоба. Қазақстанның да басты мақсаты -жасыл экономиканы дамыту. ЭКСПО халықаралық көрмесі де осы тақырыпта өтті. Ақтөбеде де жел, күн, су қуаты бар. Орынбордан тәжірибе алуымыз тиіс. Кәсіпкерлерге арналған жедел жәрдем жобасы да ұнады. Бізде де аудан, ауылға барып, мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы жолдары түсіндіріледі. Егер жедел жәрдем бағытында болса, кәсіпкерлерге көп көмегі тиер еді. «Тәлімгер» жобасы да жақсы. Білімді, тәжірибелі адамның бар мүмкіндігін пайдаланып, жас маманның біліктілігін арттыру маңызды екенін естен шығармай, кәдеге асыру керек. Ал мемлекеттік-жекешелік серіктестік бағытына келсек, Ақтөбе тек әлеуметтік саладағы жобаларды іске асырып жатыр. Ал тұрғын үй-коммуналдық саласына келер болса, бірнеше ауылға газ құбырын тартамыз. Мен түрғын үй-коммуналдық саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жобасын қарауды жөн көремін»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе-Орынбор арасындағы жол жөнделген соң көлік қатынасы артты. Биыл Ақтөбе-Орск бағытындағы жолды жөндеу жұмысы аяқталады. Ал тұрғындар мен жолаушылардың қатынасы үшін тиімді Жиренқопадағы өткізу бекеті келер жылы ашылатын болды.

«Жыл сайын Ақтөбе мен Орынбор арасындағы тауар айналымы артып келеді. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті дамытуға септігін тигізеді. Шағын және орта бизнесте тәжірибе алмаса аламыз. Мәселен, облыс әкімінің грантына «60/15» кәсіпкерлер конкурсын өткіздік. Ресейден алынған тәжірибе өте ыңғайлы»,- деді облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Анар Даржанова.
null

Соңғы жаңалықтар