Ақтөбе мектептерінде 7 мыңнан астам камера бар

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі 412 мектепте бейнебақылау камерасы бар. Қазір 28 мектептің камера жазбасы Жедел басқару орталығы және полицияның кезекші бөлімдерімен біріктірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер министрлігі мен Білім министрлігі бірлесіп, оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейту үшін бірқатар шара қабылдады. Ақтөбедегі барлық оқу орнының терроризмге қарсы қорғану жұмыстары мен атқарылған ісі тексерілді. Қазіргі кезде облыстағы 412 мектепте бейнебақылау камерасы бар. Барлығы 7074 камераның 2644-і сыртта, ал өзгесі ғимарат ішіне орнатылған. Бүгінгі күні Жедел басқару орталығы және полицияның кезекші бөлімдеріндегі бейнебақылау камераларымен интеграциялау жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы мәліметке сүйенсек, құқық қорғаушылар қаладағы 28 мектептің камерасы арқылы білім ордасындағы мән-жайды бақылап отыр. Сондай-ақ, оқу орындарына металл детекторлар, турникеттер, дабыл түймелері орнатылды. Облыстық ПД бастығы Атығай Арыстановтың айтуынша, кейбір мектептің оқушылары арнайы электронды білезіктермен кіргізіледі. Жаңа білезік арқылы ата-аналар өз балаларын бақылай алады. Ал жоғары сынып оқушылары мектепке кірген кезде электронды карталарды пайдаланады. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 120-ға жуық орта мектеп күзет ұйымдарымен келісімшартқа қол қойды. Күзет қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірге әрекет етеді. Жаңа оқу жылынан бастап оларды қосымша оқыту, нұсқама беру жоспарланған. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Бірыңғай интерактивті сабақ өткізіледі.

«Жыл басынан бері облыс жолдарында балалардың қатысуымен 63 жол-көлік оқиғасы болды. Онда кәмелетке толмаған 2 бала қаза тауып, 75 бала түрлі жарақат алды. Оқу жылының басталуына байланысты оқушыларға да, олардың ата-аналарына қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі туралы ескерту жасалды», - деді облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов.

Полиция департаменті мектеп маңы мен көршілес көшелерді тексерді. Кемшіліктерді жоюға 53 ұйғарым берді. Қосымша 61 жол белгісі орнатылды.


Соңғы жаңалықтар