Ақтөбе мектебінде инклюзивті білім беретін ресурстық кабинет ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде алғаш рет мектеп ішінен инклюзивті білім беретін ресурстық кабинет ашылды. Алдағы уақытта мұндай кабинеттерді аудан орталықтарынан ашу жоспарланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе мектептерінде білім алып жүрген мүмкіндігі шектеулі балалар енді сабақтан тыс уақытта, қосымша жүктелгенде арнайы инклюзивті кабинетке бара алады. Мұнда логопед, психологтар жұмыс істейді. Енді мүмкіндігі шектеулі балалар өз құрбы-құдастарымен бір партада оқып, түсінбеген, игермеген бағдарламаларын жеке оқи алады.

«Ақтөбе облысында ерекше қажеттілігі бар 5 600-ден астам бала бар. Өткен жылы ерекше балаларды оқытуға арналған ресурстық кабинет ашуды қолға алып, биыл 4 мектепте пайдалануға беріледі. Жоспар бойынша барлық ауданда кабинет болады. Бәрі демеушілерге, қаржыға байланысты. Кабинетте ата-аналарға кеңес беру, мүмкіндігі шектеулі балалармен арнайы мамандардың жұмыс істеуіне жағдай жасалған»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Қайрат Алдажаров.

Айта кетейік, қазіргі кезде 24 арнайы сыныпта 114 бала оқиды. Ал 1170 оқушы инклюзивті сыныпта білім алып жүр.

«Кез келген бала өзі қалаған мектебіне барып білім алуы үшін жағдай жасауымыз керек. Біздің міндетіміз - барлық мектепті, мұғалімді ерекше қажеттілігі бар балаларды қабылдауға үйрету. Коррекциялық мектептерге қарсы емеспіз, бірақ әр бала құрбы-құрдастарының жанында болып, соларға ұмтылуы керек. Бала сабаққа келеді, егер қосымша түсіндірулер қажет болса, ресурстық кабинеттің көмегіне жүгінеді. Кейбірі сабаққа толық қатыса алмайды, ондайда мамандар көмектеседі»,- «Дара» қорының үйлестірушісі Марал Шешембекова.

Қазіргі кезде мектептерге пандус салу, балалардың мектеп ішінде өз еркімен қозғалуына жағдай жасау жағы қарастырылып жатыр. Себебі, Ақтөбе мектептеріне пандус салу жұмысы әлі аяқталған жоқ.

Соңғы жаңалықтар