Ақтөбе медицинасының ардагерлері марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат –Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аясында медицина саласына еңбегі сіңген денсаулық сақтау саласының ардагерлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Сенім» денсаулық сақтау саласының кәсіподақ ұйымы қаланың 150 жылдығында медицина саласының қызметкерлерін марапатталды. Ұзақ жылдар бойы адам емдеп, дертіне шипа берген дәрігерлердің кейбірі зейнет демалысында болса, кейбірі әлі де жас буынға тәлімгер болып жүр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев ардагерлерге алғысын айтып, өңірдегі медицина тарихына, қиын кезеңдер мен жетістіктер туралы ой бөлісті.

«Земстволық басқару кезінде әр ағаш үйден 2 рубльден жиналған. 1878 жылы Ақ-Төбе бекінісінде 1 мың адам тұрып, онда әскерилер медициналық көмек көрсетіп, екі земстволық фельдшер жұмыс істеді. Ол кезде көшпенділер арасындағы жұқпалы аурумен күрес жұмыстары жүріп, екпе жасалды. Дәрі-дәрмек аз, оған жылына тек 200 рубль жұмсалды. Жағдайы аса ауыр адамдар әскери лазаретке немесе Ішкі орда мен Орынбор губерниясына жіберілді. Қалада дәрігер болмады, әскери дәрігер өте сирек көрмек көрсеткен. Сондықтан адамдар, оның ішінде балалар арасында өлім көп тіркелді. Дәрігерлер арасында Бұхара, Самарқандтағы медресені оқығандар болды. Әрі шөппен емдегендер, сынықшылар, мал майымен ем жасағандар, тұз бен құмға түсу, қобыз үнімен шипа берушілер болды. Мұның бәрі халық санының өсіміне кері әсерін тигізді. 1885-1895 жылдары халық саны бар болғаны 1,5 мың адамға өсті», - деп тарихқа тоқталды Әсет Қалиев.

Тарихи деректі жалғастырсақ, 1899 жылы алғаш рет өңірде дәрігерлік учаскеге бөліне бастаған. Қалада алғаш рет медициналық білімі бар дәрігер жұмыс істеді. Әбубәкір Алдияровтың есімі де осы тұста аталуы тиіс. Ал 1900 жылы Ақтөбеде бес кереуеттік қабылдау бөлмесі ашылып, Орынбор-Ташкент теміржолы салынған тұста халық саны өсе бастады. Ал 1902 жылы алғашқы дәріхана ашылды. 1907 жылы дәрігерлік пункт ашылып, екі қабатты ғимарат қолданысқа берілді.

«1912 жылы бірінші қалалық аурухана ашылып, 1915 жылы теміржол ауруханасы қолданысқа берілді. Сол уақытта Ақтөбе қаласында бес дәрігер, алты фельдшер, бір тіс дәрігер мен бір фармацевт жұмыс істеген. 1924 жылы республикада алғаш рет тері-венерологиялық диспансер, 30 кереуеттік балалар ауруханасы ашылды. Жыл өткен сайын медицина дамып, 1930 жылы медициналық мектеп ашылды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери госпиталь жұмыс істеп, 1941 жылы Украинадан «Шағала» балалар туберкулезінен емдеу шипажайы көшірілді. Жыл өткен сайын медицина дами түсті. Ал тәуелсіздік жылдары Ақтөбе қаласы мен қала маңында 27 қалалық медициналық нысан салынды. Оның тоғызы мемлекеттік емес сектор», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Қазір Ақтөбе облысы медициналық орталыққа айналды. Қазақстанның батыс өңірімен қатар көршілес Ресей елінен келіп, ем алушылар бар. Техникалық базасы дамып, дәрігерлер шетелде тәжірибе жинап жатыр. Мұның бәрі Ақтөбе медициналық орталығында ашылған музейде көрініс тапқан.

Айта кетейік, ақтөбелік ардагерлер арнайы мерекелік медальмен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Ардагерлерді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, қала әкімі Мавр Абдуллин де құттықтады.

Соңғы жаңалықтар