Ақтөбе көшелеріне стационарлық полиция бекеттері орнатылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында 5 стационарлық полиция бекеті орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаладағы адам көп шоғырланатын орындар мен ірі базар маңы полиция қызметкерлерінің бақылауында болады.

«Теміржол вокзалы, Тұрғындар қалашығындағы базар мен Орталық базарда, ағайынды Жұбановтар және 101 атқыштар бригадасы даңғылының қиылысында, Орталық мешіт маңында стационарлық полиция бекеттері бар. Стационарлық бекеттер ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйесімен, қысқы және жазғы климатты бақылау жүйесімен, стационарлық радиобайланыспен жабдықталған. Бөлменің үштен бірі әйнек күйінде. Бұл, полиция қызметкерлері жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда стационарлық полиция бекетін қаланың кез келген жеріне ауыстыруға болады», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Стационарлық бекеттерде полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Күндіз сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін бекетте учаскелік полиция инспекторы болады. Азаматтардың өтініші мен арызын қабылдайды. Құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бекеттер мен іргелес аумақтарда патрульдік қызметтің кезекшілігі ұйымдастырылады.

«Бұл, азаматтардың сұранысына сапалы жауап беруді қамтамасыз етеді. «Полицияның қадамдық қолжетімділігі» қағидаты бойынша жұмыс істеуге септігін тигізеді деген сенімдемін», - деді ПД бастығы Атығай Арыстанов.


Соңғы жаңалықтар