Ақтөбе Қазақстандағы ең ірі облыс атанды – Оңдасын Оразалин

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында халық саны миллионға жуықтады. Өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы өңір әкімі Оңдасын Оразалин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңір экономикасының дамуы және жаңа жұмыс орындарының ашылуы өмір сүру деңгейінің жақсаруына, халық саны мен бала туу көрсеткішінің өсіміне алып келді. Тәуелсіздік алған жылдары Ақтөбедегі халықтың ұлттық құрамына келсек, басым көпшілігі басқа ұлттар еді. Ал қазір өңірдегі қазақтардың үлесі 85 пайыздан асып кетті. Мыңдаған басқа ұлт өкілдері түрлі себептерін тарихи отандарына көшіп кетті. Осылайша, жүз мыңдаған адамдардың көшкеніне қарамастан, Ақтөбенің халық саны артып келеді. Миграциялық жағдай мен бала туу динамикасының жоғары болуынан облыс халқының саны 900 мың адамнан асып, миллионға жақындап қалды. Жер көлемі бойынша, кешегі облыстар бөлінгендіктен, Қазақстандағы ең ірі облыс атандық. Ақтөбе қаласында 500 мыңнан астам адам тұруда. Мұның бәрі Ақтөбе өңірінің даму көрсеткіштерін, халықтың көптеп көшіп келуін көрсетеді», - деді О. Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, осы факторлар өңірде тұрғын үй құрылысына деген қажеттілікті арттырды. Соңғы 3 жылда облыста жыл сайын кемінде 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Өткен жылы 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл 5 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе көп және барлық уақыттағы ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл да 1,3 млн шаршы метр тұрғын үйді беру жоспарлануда, 5 айдың өзінде 300 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Бұл жерде өздеріңізге белгілі құрылыстың дамуы экономика өсімінің негізгі драйвері болып табылады. Соған ерекше мән беріп отырмыз», - деді өңір әкімі.

Соңғы жаңалықтар