«Ақтөбе - Қандыағаш» тасжолы 2023 жылы күзде толық пайдалануға беріледі

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Бүгінде «Ақтөбе - Қандыағаш» тасжолын салу қызу жүріп жатыр. Жоспар бойынша жол 2023 жылдың күзінде толық пайдалануға беріледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ ұлттық компаниясының Ақтөбе облысы филиалының директоры Марат Махамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе – Қандыағаш тасжолын қайта жаңарту жұмысы өткен жылы басталды. Біз қазір тасжолдың 18-ші шақырымында тұрмыз, бұл жерде асфальттау жұмысы жүріп жатыр. Жолдан бөлек көпірлер мен су және мал өткізетін құбырлар салынуда. Бұл тасжол пайдалануға 1960 жылдары берілген. Ол кездегі жолдағы көліктің жүру қарқыны мен қазіргі қарқынды салыстыруға болмайды. Тасжол 4 жолақты болады. Биыл соның 2 жолағы бойынша 89 шақырым жолды пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Яғни күзге дейін Қандыағаш қаласына дейінгі жолды беруге тырысамыз. Жолмен қоса Ақтөбе – Қандыағаш арасында қажетті инфрақұрылымды жасау да жоспарда бар. Қазір инфрақұрылым мәселесін әкімдікпен бірлесіп қарастырып жатырмыз», - деді Марат Махамбетов баспасөз туры барысында.

Филиал директорының дерегінше, Ақтөбе – Қандыағаш тасжолы толық пайдалануға 2023 жылдың күзінде беріледі. Жолды салуға бюджеттен 64 млрд теңге қаржы бөлінген.

«Жұмыс барысындағы кедергілерге келсек, құрылыс материалдарының бағасы өсті. Оның ішінде темір-бетон, арматура, тағы сол сияқты материалдар қымбаттады. Соған қарамастан жұмыс уақтылы жүріп жатыр. Бұл жолды салуда үшжақты меморандум жасалды. Яғни ҚазАвтоЖол, әкімдік және мергідер компания арасында. Кадр тапшылығына келсек бізге инженер, автогрейдерлер мен асфальт құятын мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін біз Ақтөбедегі автожол колледжімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Біздің кейбір мамандар колледжде дәріс беріп жатыр», - дейді ол.

Оның айтуынша, тасжол 1 санатқа жатады. Сол сияқты жол салуға 500 маман және 150-200 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, аталған республикалық жол болашақта ақылы болуы мүмкін.

Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен «Ақтөбе – Орал – Атырау» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдардағы істелініп жатқан жұмыстар бойынша БАҚ өкілдеріне арналған тур өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар