Ақтөбе қаласының әкімдігі бәсекелестік туралы заңды бұзды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының әкімдігі қоқыс жәшіктері орналасқан алаңдарды «Ақтөбе Таза қала» серіктестігіне басқаруға берген. Ал серіктестік өзге мекемелерге бұл орынды жалға беріп, ақылы қызмет көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде қоқыс жәшіктері орналасқан жер жалға беріліп келген. Ұлттық экономика министрлігі, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне «Коканд LTD» ЖШС-і арызданды. Пластикалық, қағаз бұйымдарды өңдеумен айналысатын компания қалалық әкімдіктің бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзып отырғанын мәлімдеді. Тергеу жүргізіліп, заң бұзушылық анықталды.

«Ақтөбе қаласының әкімдігі Кәсіпкерлік кодексін бұзып, бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға алып келген шешім шығарған. Яғни, нарықтың жекелеген субъектiлерiне артықшылық жағдай жасады. Бұл жерде әкімдік қоқыс шығаратын «Ақтөбе Таза қала» ЖШС-не алаңдарды басқаруға беруге шешім шығарған. Ал компания өз бәсекелестеріне қоқыс алаңдарын жалға берген»,- деп хабарлайды табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қалалық әкімдік қоқыс жәшіктерінің алаңдарын «Ақтөбе таза қала» серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берген. Тергеу жұмыстарынан соң қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлік алаңдардың орнын уақытша иеленуге және пайдалануға беру қызмет түрі алынып тасталды. Бұдан былай қоқыс жәшіктеріне арналған орын барлық мекемелер үшін тегін беріледі. 

Соңғы жаңалықтар