Ақтөбе қаласының 10 ауданына SOS дабыл түймелері орнатылды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының халық көп шоғырланатын, криминогенді аймақтарына дабыл түймесі орнатылды. Бұл әп-сәтте полиция қызметкерінен көмек сұрауға мүмкіндік беретін қондырғы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті қоғамдық тәртіпті қадағалау және адамдарға дер кезінде көмек беру үшін қала ішіне 10 SOS дабыл түймесін орнатты.

Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Полиция қадамдық қолжетімділікте» тұжырымдамасы аясында атқарылған іс.

Цифрлық инновацияларды енгізу және дамыту шарасы кезінде демалыс және адамдар көп жиналатын орындар әдейі таңдалды.

«Бұл орындарды таңдау кезінде криминогендік жағдай ескерілді. Алдағы уақытта SOS дабыл түймелерін қондыру кезінде халықтың пікірін негізге алынады. Қылмыстың куәгері болса, өзі қиындыққа тап болса, төтенше жағдай кезінде батырманы басады. Жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен дереу байланысқа шығады. Бейнекамераның көмегімен аймақ бақылауда болады. Тіпті хабарласып тұрған адамның бет-әлпеті көрінеді. Аудио байланыс үздіксіз жүреді. Барлық дерек жүйеге автоматты түрде жазылады. Тіпті балаға да, ересек адамға да қолжетімді биіктікке орнатылды», - деді облыстық ПД басқармасының бас маманы Екатерина Госсен.

Ақтөбеде SOS дабыл түймесі орнатылған орындар:

1. Ш. Қалдаяқов көшесі, «Анвар» супермаркеті.

2. Әбілқайыр хан даңғылындағы Орталық стадион.

3. Есет батыр көшесі мен Ә. Молдағұлова даңғылының қиылысы.

4. 101 атқыштар бригадасы мен ағ. Жұбановтар көшесінің қиылысы.

5. Батыс-2 шағын ауданындағы Мәңгілік ел көшесі, Назарбаев зияткерлік мектебінің маңы.

6. М. Мәметова көшесі «Кереуен Сити» СОО.

7. «Шығыс» базары.

8. «Пушка» ескерткішінің маңы.

9. Шернияз-Некрасов көшелерінің қиылысы.

10. Қарғалы ауылы Сәтбаев көшесіндегі «ДИНА» супермаркеті.


Соңғы жаңалықтар