Ақтөбе қаласындағы «оқ өтпейтін» аялдамалар тағы өзгеретін болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының әкімдігі аялдамаларды тағы өзгертуді қолға алды. Бұл жолы жер жалға беріліп, кәсіпкерлер аялдаманы салып, түрлі жолмен табым табады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында 730-ға жуық аялдама орны болса, оның тең жартысы бос тұр. Яғни, қоғамдық көлікті тұрғындар қысы-жазы жол жиегінде ғана тұрып күтуге мәжбүр. Ал қазір № 6, 7, 8А, 17, 18, 21, 25, 27, 37, 42, 47 секілді маршруттардың ара қашықтығы жарты сағатқа жуық. Жаңбырлы немесе ыстық күні жолаушылар қиналғанымен, қазір бәріне бірдей аялдама павильонын орнатуға бюджет қаржысы жетпейді. Сондықтан жергілікті билік аялдама салуға арналған жерді жалға бермек.

«Әкім ауысқанда аялдамалардың да өзгеріп жататынын білесіздер. Бұл бюджетке өз әсерін тигізеді. Енді біз бюджеттен қаржы жұмсамай инвестиция тартқымыз келеді. Кейбір аялдама орындары инвестициялық сұранысқа ие болады деп ойлаймыз. Алдымен қаланың орталығына біркелкі аялдама павильонын салғымыз келеді. Сол үшін тұрғындарға макетін ұсынып, таңдау жасауын, өз нұсқасын ұсынуын сұраймыз. Тұрғындар суық кезде жылы, қауіпсіз болатын павильондардың орнатылғанын қалап отыр. Ол жерде бейнебақылау болады деген жоспар бар. Жазда салқындатқыш жұмыс істеп, wi-fi орнатылса, мүгедектерге ығайлы болса деген талап қойылды. Қараша айының басына дейін тұрғындардың белсенділік танытуын сұраймыз», - деді қала әкімінің орынбасары Сергей Ли.

Жергілікті әкімдік бір көшеге біркелкі аялдама павильонын орнатуды мақсат етіп отыр. Сол арқылы көшенің өз ерекшелігін айшықтап көрсетпек. Әрі бір кәсіпкер қаланың орталығында аялдама павильонын орнатуға рұқсат алса, оған қала маңындағы ауылдарға тағы бесеуін салу міндеттелмек.

«Ауылдық жерлерге кәсіпкерлер қымбат аялдама павильонын қондырмауы мүмкін. Сол себепті бәрі ескеріледі, тиімдісі таңдалады. Бір ескертетін жайт, біз халыққа орнатамыз, бірақ қазірдің өзінде аялдаманың әйнегін сындырып, бүлдіріп жатыр. Біз кім үшін жасаймыз? Бір адам сындырады, мың адам негатив жазады. «Әкімдік қайда қарап отыр?» деп сұрайды тұрғындар», - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы аялдама павильондары 2017 жылы жаңарды. Әр аялдама құны шамамен 1 миллион теңгеден асады. Сол кезде қаланы басқарған Ілияс Испанов аялдама әйнегінің оқ өтпейтінін қайталап айтқан болатын. Бүгінгі қала әкімі соңғы рет аялдама құрылысына бдюжеттен қанша теңге жұмсалғанын айтып беруден бас тартты.

«Бізге дейін аялдамаларды салуға бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін нақты айта алмаймын. Себебі біз ол уақытта қызмет еткен жоқпыз, қанша қаржы кетті деп көтеріп, тексеріп, анализ айта алмаймын. Менің біліп отырып айтпай отырған ештеңем жоқ. Ол ақпаратты тексеріп, қаратқан емеспін», - деді Мавр Абдуллин.

Соңғы жаңалықтар