Ақтөбе қаласындағы Астана және Алматы аудандарының әкімдері тағайындалды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласындағы Астана және Алматы аудандарының әкімдері тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың өкімімен Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі болып Айбек Көпенов тағайындалды.

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Айбек Мұратқалиұлы Көпенов 1985 жылы дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша, Қазақ-Орыс халықаралық университетін «экономика және бизнес магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.

Балалардың құқығын қорғау жөніндегі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің жетекші маманы, Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басшысының орынбасары, басқарма басшысы болып қызмет атқарды.

Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс атқарды.


***

Сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Ақтөбе қаласы әкімінің өкімімен Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі болып Медет Ысқақов тағайындалды.

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Медет Ысқақов 1983 жылы дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін «кәсіптік жоғары білімді музыка пәнінің мұғалімі», Алматы экономика және статистика академиясын «экономика және бизнес бакалавры» біліктілігі бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын Қ. Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебінің домбыра класының мұғалімі болып бастады. «Оқжетпес» республикалық жастар лагерінің мәдени ұйымдастырушысы, Қ. Медетов атындағы Мәртөк балалар өнер мектебінің домбыра және музыка мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Мәртөк балалар өнер мектебінің директоры болды. Кейін Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылдық округінің әкімі, Мәртөк аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы болды.

Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын облыс әкімі тағайындалған еді. Ол кезде Ералы Тоғжанов пен Асхат Шахаров үміткер болып, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары дауыс берді. Кандидат Ералы Тоғжанов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсетішін арттырып, кадр дайындау жұмысына баса мән беретінін айтты. Сонымен бірге, туристік әлеуетті дамыту жобаларын ұсынды. Әрі өңірде автомобиль жолдары сапасын жақсарту жобасын алға тартты. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 160 депутаттың 104-і Ералы Тоғжановтың кандидатурасына дауыс берді, ал 56-сы Асхат Шахаровты таңдады.


Соңғы жаңалықтар