Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы маңындағы барлық су қоймасы лық толды. Қазіргі уақытта ең ірі Қарғалы су қоймасындағы суды жіберу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы жағдай әлі тұрақталар емес. Су тасқынына қарсы штаб бүгін қалалық әкімдікке шұғыл жиналып, жиын өткізді. Қазіргі уақытта Сазды, Ақтөбе, Қарғалы су қоймалары толып, ең ірі Қарғалы су қоймасын ашу жоспарланды.  Ал Елек, Қарғалы, Сазды, Жіңішке өзендері тәулігіне 40-90 cантиметрге дейін көтеріліп тұр. Осыған орай әкімдік төтенше жағдай жариялап, комиссия құруға шешім қабылдады. 

«Қазіргі кезде 290 саяжай мен аула суға кетті. Бау-бақша ұжымындағы 5 үй құлап қалды. Барлығы 700-ден астам адам эвакуацияланып, құтқарылды. Олардың арасында балалар мен мүгедек адамдар да бар. Эвакуацияланған адамдарды уақытша қоныстандыру үшін 12 бекет жұмыс істер тұр. Орта мектептерде 200-ге жуық адам қоныстанды. Өзгесі тума-туыстарының үйіне кетті», - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі.

null 

Мәліметке сүйенсек, су түнде көтеріліп, күндіз кері қайтып тұр. Ақтөбедегі жергілікті билік төтенше жағдай жарияланғандығы туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы таратып, күзет жұмыстарын күшейтті. Судан құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінің 85 адамы мен 20 техника жұмылдырылған. Ал ішкі істер департаменті 120-дан астам адам мен 63 техниканы берді. Сонымен қатар, үрмелі қайықтар мен жеке меншік компаниялардың ауыр техникалары құрқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Облыста 13 су тасқынына қарсы штаб құрылды. Құтқарушылар бір тәулікте 2 мыңнан астам құммен толтырылған қапты төседі. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі кеше Қарғалы мен Ақтөбе су қоймасын тікұшақ арқылы бақылады. Өлшеу құралдары қондырылып, жергілікті полиция қызметі кезекшілікке көшті.  Суға кету қаупі басым аумақта Махамбетовка ауылы, Кірпішті ауылының көпір маңы, Заречный-2 ауылы мен бірнеше бау-бақша ұжымы бар», - деп хабар таратты облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

 

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында мұндай жағдай соңғы рет 1996 жылы тіркелген екен. Судан құтқару жұмыстарына қала бойынша 450 миллион теңге бөлінді. 

Соңғы жаңалықтар