Ақтөбе қаласында Қарғалы өзені көтеріліп, адамдар эвакуацияланып жатыр

None
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында Қарғалы өзені көтеріліп жатыр. Қазіргі кезде 100-ге жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының аумағында орналасқан Қарғалы, Күншуақ, Мұнайшы бау-бақша ұжымдарына қауіп төнді.

Қазіргі кезде Қарғалы өзені көтеріліп, адамдар эвакуацияланып жатыр.


«Облыстық ТЖД қызметкерлері 95 адамды эвакуациялады. Оның 40-ы бала. Қазіргі кезде бұл жұмыс жалғасып жатыр. Бұл жұмысқа 66/55 әскери бөлімінің сарбаздары да жұмылдырылды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменованың айтуынша, қазіргі кезде саяжайда орналасқан үйлердің ауласын су басқан.

Үйдің ішіне кірмеуі үшін іргетасына құм толы қап төселіп жатыр.

«Биыл екі есе қар жауды. Қазір Жаман Қарғалы өзені толып, күн жылығанда тысқын болып жатыр. Тұрғындарға айтарымыз, Қарғалы су қоймасы ашылған жоқ. Оның резерві бар», - деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.

Адамдар олимпиада резервтерін даярлау спорт мектебі мен колледж жатақханасына орналастырылды.


Кейбірі өз туған-туысының үйін паналап кеткен.

«66/55 әскери бөлімінің жедел батальонының жеке құрамы аталған аудандардағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға жұмылдырылған. Әскери қызметшілер күн ішінде су жолындағы көшелер мен аулаларды топырақ пен құм салынған қаптармен күшейтті. Сонымен қатар су басқан тұрғын үйлердің ауласы мен жолдарды тазартты. Біз кез келген көмекке әркезде дайынбыз», - дейді 6655 әскери бөлімінің штаб бастығы Дәурен Жағыпаров.


Айта кетейік, бұған дейін облыста Қобда және Ойыл аудандарында да ауылдарды су басқан еді. Екі ауданда жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.


Соңғы жаңалықтар