Ақтөбе қаласында екі жігіт суға батып кетті

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында 2003 және 2004 жылы туған екі жігіт суға батып кетті. Екеуінің де денесін сүңгуірлер 3 метр тереңдіктен алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 6 маусым күні сағат 19:20-да болды.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы ауданы Ақжар-1 ауылындағы көпір қасында 2 адам суға кетіп қалғаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына құтқарушылар жіберілді.

«19 және 20 жастағы азаматтардың денесін сүңгуірлер 3 метр тереңдіктен шығарды. Алдын ала ақпарат бойынша олар рұқсат етілмеген жерге суға шомылған», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, дүйсенбі күні де облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметіне Алматы ауданы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты аумағындағы көпір маңында 2 жасөспірім суға батып кеткені туралы хабар келген еді.

Олар тыйым салынған аумақта шомылған.

«Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде 3 бозбаланы ағыс алып кеткені белгілі болды. Біреуі өз күшімен жағаға шыққан. Алдын ала белгілі болғаны –16 жастағы жасөспірімдер жүзу білмеген. Сүңгуірлер сағат 16:30-да жағадан 100 метр, тереңдігі 3,5 метр болатын жерден жасөспірімдердің денесін шығарды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ 4 маусым күні де қайғылы оқиға болды. Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Елек өзеніне 39 жастағы ер адам батып кетті.

Ол да рұқсаты жоқ жерге шомылған. Сүңгуірлер жағадан 15 метр қашықтан, 4,5 метр тереңдіктен оның денесін алып шықты.

Айта кетейік, соңғы 10 күнде облыста 8 адам суға батып кетті.


Соңғы жаңалықтар