Ақтөбе қаласында егіннің 60 пайызы күйіп кетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында биыл 7 мың гектар жерге дәнді дақыл себілді. Оның 4,5 мың гектары күйіп, есептен шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы маңында егін егетін шаруалар биыл астық жинай алмады. Көбі күйіп кетті.

«Дән уақытылы себіліп, жұмыс жоспарға сай жүргенімен маусымда күн қатты ыстық болды. Жаңбыр жаумады. Мұның бәрі кері әсерін тигізді. Шаруа қожалық басшылары 4,5 мың гектар жерді есептен шығарды. Ол жерге комбайн жіберудің де қажеті болмады. Тамыз айында 2,4 мың гектар жер орылды. Түсімі 2,2 центнер. Қазір 500 тонна ғана дәнді дақыл жиналды. Былтыр 6 мың тонна жинап жүр едік. Соған қарамастан мал азығын жинап жатырмыз. Көпжылдық шөп, жоңышқа өсірдік. Мұнда да биыл гектарынан 1,5 центнер жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз», - деді Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Тоқболатов.

Айта кетейік, биыл мал ағызының бағасын төмендету үшін бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Облыстағы шаруаларға тек шөп емес, жемді де сатып алуға мүмкіндік беріледі.

«Майлы дақылдардың шығымы да көңіл көншітпейді. Ыстық болды, екіншіден, жұлдызқұрт қаптап кетті. Мақсарыны гектарынан 6-7 центнер жинаймыз деп отыр едік, бірақ 2 центнерден әрі аспайтын сияқты. Екі аптаның ішінде майлы дақылды жинауды да аяқтаймыз»,- деді Мұрат Тоқболатов.

Соңғы жаңалықтар