Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің экс-бастығы алаяқтығы үшін сотталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің экс-бастығы Е.Ешмұханов алаяқтығы үшін сотталды. Ол полицияда қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен бірге 2 млн теңге айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің экс-бастығы Е.Ешмұханов биыл ұсталды. Іс материалына сүйенсек, бұрынғы полиция қызметкері Қ. Әлиев жәбірленушіні пайдаланып, Е.Ешмұхановқа пара беруге көндіреді.

Биыл 28 наурыз бен 3 сәуір күндері аралығында сотталушы Қ. Әлиев жәбірленушінің сеніміне кіріп, бірнеше рет кездеседі. Сөйтіп жәбірленушіден 450 мың теңге алып, қылмыстық қудалауды тоқтатуға уәде береді.

Ал 3 сәуір күні Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарған Е.Ешмұханов әріптесі Қ.Әлиевпен жеке кездесіп, 200 мың теңгені алады. Сот отырысы кезінде сотталушылар өзіне тағылған айыпты мойындады. Сондықтан сот үкімі кезінде кінәні мойындағаны, кәмелет жасқа толмаған балалары ескерілді.

«Сот Е.Ешмұхановты айыпты деп танып, 2 млн теңге айыппұл салды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Сонымен бірге полиция полковнигі шенінен айырылды. Қ. Әлиев те айыпты деп танылды. Ол шығынды 20 есе көлемде қайтарады. Яғни, 9 млн теңге айыппұл салынды. Өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды», - деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар