Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы қызметіне Анар Даржанова сайланды

None
Фото: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Бұған дейін Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған Анар Даржанова бүгін төраға болып сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе қалалық мәслихаты 8-шақырылымның алғашқы сессиясын өткізді.

Онда да жаңадан сайланған депутаттарға кәулік пен төсбелгі табысталды. Олардың саны – 32.

Бәрі де бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайланды.

Кейін депутаттар өз арасынан облыстық мәслихаттың төрағасы қызметіне Анар Даржанованы лайық деп таныды.

«Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Мен өз еңбек тәжірибемді, білімімді аямай, сіздермен бірге жұмыс істеймін», - деді Анар Даржанова.

Кейін тұрақты комиссиялардың төрағасы таңдалды. Ал қала әкімі жаңа сайланған депутаттарды құттықтап, бірге жұмыс істеуге шақырды.

«Алдымызда мақсат, проблема көп. Оны менен артық білмесеңіздер, кем білмейсіздер. Қаланың тазалығынан бастап, инфрақұрылымды дамыту, елдімекендерді көркейту, әлеуметтік нысандар салу жоспарымызда бар. Бұл міндеттемелерді бірге атқарамыз. Мен 1-сәуірден бастап қаланы санитарлық тазарту бойынша екі айлық науқан жарияладым. Әрбір депутат өз округі бойынша халықты жұмылдырып, осы науқанға белсенді қатысады деп үміттенемін», - деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында сайлаушылардың 44,5% таңдауын жасады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстық мәслихаттың төрағасы болып Гүлқасима Сүйінтаева сайланды.

Ол бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған еді.


Соңғы жаңалықтар