«Ақтөбе» футбол клубының қаржысын талан-таражға салғандардың ісі сотта қаралды
2017 жылғы 27 наурыз 20:02

«Ақтөбе» футбол клубының қаржысын талан-таражға салғандардың ісі сотта қаралды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -«Ақтөбе» футбол клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған Ескендірбек Маханов бүгін сот залында кездесті.

Екеуі де «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айыпталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» футбол клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев алдын ала сот тыңдауында өзінің бюджет қаржысын үнемдегенін алға тартты.

«2015 жылы «Ақтөбе» футбол клубы 4 миллиард теңге жұмсаған. Ал мен бір жылда шығын көлемін екі есе азайтып, бөлінген 2 миллиард теңгені бәріне жеткіздім. Бюджеттен 1,7 миллиард теңге түсті. Оның 400 миллион теңгесі қарызды жабуға берілді. Бар жұмсағаным, 1,3 миллиард теңге. Ал 2015 жылы футболшыларға 3 миллиард теңгеден астам жалақы төленген. Бұл үлкен қаржы»,- деді Дмитрий Васильев. Оның өзі жемқорлардың жолын кесіп, дұрыс жұмыс істегенін айтып отыр.

Айта кетейік, «Ақтөбе» футбол клубына бөлінген қаржыны талан-таражға салды деп айыпталып жатқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының қызметін атқарған Ескендірбек Маханов Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымдық өкілетін асыра пайдалану» бабы бойынша да сот алдында жауап береді. Алдын ала тыңдау кезінде Васильев бұрынғы жаттықтырушы Юрий Уткульбаевты куәгер ретінде сотқа қатыстыру туралы өтініш айтты. Ал Маханов уақытша ұстау оқшаулағышынан үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Ол кепілге баспанасы мен көлігін қоюға дайын. №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Гүлнар Тілепова үйқамақтан босатуды сұраған Васильев пен үйқамаққа алуды сұраған Махановтың өтінішін қабылдаған жоқ.

Басты сот отырысы 3 сәуірге белгіленді.

Jańalyqtar

MURAǴAT