«Ақтөбе» футбол клубына жауапты басшы Васильевті өмірінде бір-ақ рет көрген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе» футбол клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев бүгін өзін жұмысқа алуға келісім беріп, құжатқа қол қойған директорлар кеңесінің төрайымы Алтын Давлетовамен сот залында кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

№2 Ақтөбе қалалық сотында «Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының қызметін атқарған Ескендірбек Махановқа қатысты сот отырысы жалғасты. Екеуі Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу», «Билік немесе лауазымдылық өкілеттіліктерді асыра пайдалану» баптары бойынша айыпталып жатыр.

Кеше прокурор Елубек Таласов айыптау қорытындысын оқып, Васильевтің ай сайын 4 миллион теңге жалақы алып отырғанын мәлімдеген болатын. Ал штаттық кесте бойынша оның жалақысы 350 мың теңге болуы тиіс.

Бүгінгі сот отырысында куәгер «Ақтөбе» ФК» АҚ-ы директорлары кеңесінің төрайымы Алтын Давлетова жауап берді. Ол Дмитрий Васильевті өмірінде бір-ақ рет көргенін айтып, қаржылық сұрақтардың бәріне есепші мен заңгер жауап беретінін жеткізді.

«Дмитрий Васильев 2015 жылдың желтоқсан айында маған жалақысы 4 миллион теңге болатын еңбек келісім шартымен келді. Мен оған қол қойған жоқпын. Содан кейін ешкім бұл сұрақпен қайта алдыма келген емес. Ия, Васильевтің жұмыс істеп жүргенін білдім. Жалақысы туралы бар ақпаратты тек есепші мен заңгер айтады. Олар қай құжатқа сүйеніп 4 миллион теңге жалақы берді? Мен оны білмеймін»,- деді А.Давлетова.

Сот процесі кезінде жауап берген куәгер Алтын Давлетова директорлар кеңесінің төрайымы қызметін атқарғанымен, клубтың қаржылық, аудиторлық жұмыстарына араласпағанын мәлімдеді.Оны жұмысқа қабылдау туралы құжатқа 2015 жылдың 4 желтоқсанында қол қойған. Алайда Васильевтің 4 миллион теңгелік жалақысы жазулы келісімшартпен қай уақытта өзіне келгенін дәл айта алмады.

«Мен куәгер Алтын Давлетоваға 2015 жылы барған емеспін. Кездесу 2016 жылы болды. Ол кезде мен клубтың 2017 жылғы жоспарын көрсеткен едім. Сонымен қатар, мен екі рет директорлар кеңесіне қатысқан екенмін. Құжаттары бар. Бірақ кеңес отырысына қатысқан жоқпын, бармадым. Директорлар кеңесінің өзі ойдан шығарылған»,- деді Дмитрий Васильев сот залында. Кейін әкімдіктегі тіркеу кітапшасын сұрату, ұжымдық келісімшартты оқуға өтініш білдірді.

Айта кетейік, хаттамаға сәйкес ұжымдық келісімшарт пен сыйыақы төлеу ережесі оқылды. Сыйақы төлеу ережесінде «Ақтөбе» командасы ел чемпионатында бірінші орын алса, ойыншылар, бапкерлер мен мамандарға 200 мыңнан 7 миллион теңгеге дейін сыйақы қарастырылған екен. Қазақстан Кубогының келесі кезеңіне өткені үшін «Ақтөбе» клубы 1,5 миллион теңгеге дейін, Еуропа Лигасы іріктеу кезеңінің келесі сатысына өткені үшін ойыншылар 41 миллион теңгеге дейін, осы турнирдің плей-офф сатысына шықса, 50 миллион теңгеге дейін сыйақы төленеді деп көрсетілген. Ел чемпионатының матчтарындағы әрбір жеңіс үшін 20 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін, тең есеп болса осы сыйақының жартысы төленеді деп жазылған келісім шартта. Клубтың бас директорына ойындардағы жеңісі үшін 100 пайыз, тең есеп үшін 50 пайыз сыйақы алуға құқылы болған. Сот отырысы әрі қарай жалғасады.

Соңғы жаңалықтар