«Ақтөбе» ФК экс-бас директоры сот залынан ақталып шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе» ФК экс-бас директоры Мақсат Тюмалиев сот залынан ақталып шықты. Оған 10 миллион теңгенің жейдесін сатып алуға заңсыз қаржы аударды деп айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақтөбе» ФК экс-бас директоры Мақсат Тюмалиев пен жеке кәсіпкер Фархат Имаевке қатысты тергеу алғашында Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсымылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша жүрді. Кейін сот отырысы кезінде айыптау актісі өзгеріп, Қылмыстық кодекстің «Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру» бабына ауыстырылды. Бүгін №2 Ақтөбе қалалық соты «Ақтөбе» ФК экс-бас директоры Мақсат Тюмалиевті қылмыс құрамы болмаған соң ақтауға үкім шығарды.

«Айыптау қорытындысына сүйенсек, «Ақтөбе» ФК бас директоры болған Мақсат Тюмалиев алдын ала сөз байласу арқылы «Ақтөбе Дизайн» ЖК-нің жетекшісі Ф.Имашевпен келісім жасайды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңын сақтамай, яғни, мемлекеттік тапсырыс жасамай 2017 жылдың мамыр айында тауарды, 10 миллион теңгенің жейдесін жеткізу туралы келісімшарт жасайды. Тергеу органдарының айтуынша, тауар жеткізілмеген, ал ақшаны М.Тюмалиев пен Ф.Имашев өзара бөліп алған. Сот талқысы кезінде тағылған айып толыққанды дәлелденбеді. Сот екі айыпталушыны ақтауға үкім шығарды. Айыпталушылар алдағы уақытта қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін моральдық шығын өндіреді алады», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Мақсат Тюмалиев 2017 жылы «Ақтөбе» ФК бас директор болып тағайындалып, жұмыс істеді.

Фото: prosports.kz

Соңғы жаңалықтар